• «БҚО Сырым ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Мұқадес Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ

16 ақпан күні аудандық кітапханада дарынды жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жерлесіміз Мұқадес Есламғалиұлының туғанына 75 жыл толуына орай «Өшпес мұра өнегесі» тақырыбында онлайн әдеби кеш өтті. ZOOM платформасы арқылы өткен онлайн әдеби кешке туыстары Рақымжан Орынбайұлы, қарындасы Дидар Есламғалиева, Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана ұжымы, барлық кітапханашылар қашықтан қатысты. Сонымен қатар, Алматы қаласында тұратын жазушының жары Мұхсина Әбуқызы өзінің бейне жазбасын арнайы жолдады. Шара барысында «Тарихпен тамырласып, халықпен үндескен жазушы» тақырыбында виртуалды кітап көрме таныстырылымы ұсынылды. Жазушының туысы, Батыс Қазақстан облысының дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім - ИННОВАЦИЯ» мектеп–лицей интернаты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Рақымжан Орынбайұлына, Дидар Есламғалиеваға сөз беріліп, шығармалары және жазушы туралы әдемі естеліктерімен бөлісті. Жазушыға арналған Бұлдыртылық әуесқой ақын Қ.Қапановтың арнауын Мәдени-демалыс орталығының қызметкері Ниетқали Есбол, зейнеткер ұстаз Меңдігүл Есенғалиеваның арнау өлеңін кітапханашы Жетпісов Азамат, «Асқақ рухты Мұқадес» атты Нұрлан Бердіғалиұлының арнауын «Қаламгер» жас ақындар үйірмесінің жетекшісі Жампозов Мейірбек нақышына келтіріп оқыды, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Дина Ерланқызы мұражайда сақталған жазушының қол сөмкесі мен фотосуреттерін таныстырды.

Шара соңында Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкері М.Татенова zkolib.kz кітапханалық вебсайтынан жазушы шығармаларының электронды нұсқасымен таныстырса, мекеме басшысы Айнұр Жасұланқызы М.Есламғалиұлының 75 жылдығына орай кітапханаларда ұйымдастырылатын бірқатар мәдени көпшілік шараларға тоқталып өтті.