• «БҚО Сырым ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Мұқадес Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ

Қожагелдин Оралбек Мәтниязұлы – (12.12.1964 ж. Сырым ауданының (бұрынғы Жымпиты) Қособа ауылы - 06.06.1999 ж. Орал қаласы) – спортшы, ҚР спорт шебері, cамбо күресінен, дзюдо күресінен, қазақша күрестен облыстың абсолютті чемпионы, сладо, дзюдо күресінен облыстық, республикалық, халықаралық біріншіліктердің бірнеше дүркін жеңімпазы, «Сырым» күрес мектебінің негізін қалаушы.

1972 жылы Қособа орта мектебінің 1 сыныбына қабылданып, 1982 жылы бітірген.

1982 жылы Орал педагогикалық институтының дене шынықтыру бөліміне оқуға түсті.

1985-1987 жылдары аралығында Қиыр шығыстағы Комсомольск на Амуре қаласында әскери борышын өтеген. Оралбек мектеп табалдырығында жүргеннің өзінде спортқа бейім болды. Соның ішінде спорттың күрес түріне көп көңіл бөлді. Оралбектің  бірінші жаттықтырушысы Қособа ауылында күрес түрінің негізін қалаушы Серікбай Әлмырзаұлы Жөкеев болды. Мектеп қабырғасында жүргеннің өзінде Оралбек аудандық, облыстық жарыстардың жеңімпазы мен жүлдегері атанды. Оралбектің студент кезіндегі бапкері   ҚР-ның  еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қамеш Исмағұлов Орал қаласында cамбо күресінің негізін қалаушы болды. Оралбек Қамеш ағаның күрестегі шапшаңдығы, жақсы айла-тәсілі қолданатындығын меңгерді. Болашағынан көп үміт күттіретінін білген Қамеш аға Оралбекті күрестің айла-тәсіліне терең түрде жаттықтыра түсті. Нәтижесінде Оралбек облыстық, республикалық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанды. Оралбек Кеңес Одағының батыры С.Жақсығұлов атындағы қазақша күрестен өткен турнирдің бірнеше дүркін жеңімпазы. Нәтижесінде қазақша күрестен ҚР-ның спорт шебері нормативін орындады.

Қаратөбе ауданында Еңсеп Досқалиев атындағы қазақша күрестен өткізілген республикалық біріншіліктің түйе палуаны атанды.

1995 жылы Ресей Федерациясының Котова қаласында облыстық  сладо күресінен өткен әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанып, Ресей Президенті Б.Ельциннің қолы қойылған Грамотамен марапатталды.

Мәскеу қаласында самбо күресінен өткен жастар спартакиадасына арналған біріншіліктің жеңімпазы атанып, алтыннан алқа тақты. Дзюдо күресінен де облыстық, республикалық біріншіліктердің бірнеше дүркін жеңімпазы атанды.

1999 жылдың ақпан айында «Сырым» күрес мектебін ашты.

Әдебиеттер:

  1. Қожагелдин О. Өмірдерек //Алаштың ақ ордасы: Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы: жалпылама шолу. - Орал, 2004. – 177-178 б.

 

 Шайхиев Асқар Тастайұлы

 

Шайхиев Асқар Тастайұлы – (15.08.1963 ж. Сырым ауданы, Қызылтаң ауылы - 03.05.2000 ж. Орал қаласы) – спортшы, әлем кубогінің жеңімпазы (1988), самбодан әлем чемпионы (1989), Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері (1994).

1981 жылы Орал қаласындағы №11 орта мектепті бітірген, сол  жылы КСРО спорт шебері атанған.

Самбо күресімен 1976 жылдан бастап айналысқан. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Батыр Қуанышев бапкері болды.

1987 жылы Ташкентте және 1988 жылы Омбыда өткен КСРО біріншіліктерінде күміс жүлдегер атанды. 1988 жылы Токиода әлем кубогін жеңіп алды.

1989 жылы Алматыда КСРО чемпионы, кейін Нью-Йоркте әлем чемпионы атанды.

Асқар Шайхиев Батыс Қазақстан облыстық РМБЖМ дзюдо күресінен жаттықтырушы, кейіннен Батыс Қазақстан облысы Дзюдо Федерациясының атқарушы директоры болды.

2003 жылы Шайхиевтің атынан таэквондо спорт клубы құрылып, содан бері жыл сайын оқушылар арасында республикалық деңгейде таэквондодан жарыс өтеді.

 

Әдебиеттер:

  1. Шайхиев А. Өмірдерек //Батыс Қазақстан облыс энциклопедияс. - Алматы: «Арыс» баспасы, 2002. – 518 б.
  2. Шайхиев А. Өмірдерек //Алаштың ақ ордасы: Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы: жалпылама шолу. - Орал, 2004. – 297 б.