• «БҚО Сырым ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Мұқадес Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ

Абдолла Жұмағалиев 1915 жылы 3 сәуірде Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданы Жосалы ауылында дүниеге келген.

Бастауыш мектепті Жосалы ауылынан бітірген. 1934 жылы Орал қаласындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне түсіп, 1936 жылы бітірген. 1936-38 жылдары Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтында оқыған.

1938-39 жылдары Кызылорда сауда техникумында оқытушы, 1939-41 жылдары Қазақстан мемлекеттік көркем әдебиет (қаз. «Жазушы») баспасында редактор қызметін атқарған.

Абдолланың алғашқы өлеңі Орал қаласының «Біздің еңбек» альманахында 1934 жылы жарық көрген. ҚазПИ-дің әдебиет факультетінде оқып жүріп, әрі Алматының белгілі ақындарымен танысып, әдебиет дүниесімен араласады. 1936 жылдан ақын ретінде таныла бастаған. 1936-41 жылдары Абдолланың бірқатар өлеңдері, поэмалары облыстық, республикалық әдеби журналдарда, «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жарияланды. Ол «Токиодағы дауыс», «Шығыс қызы», «Асан қайғы туралы аңыз» атты поэмаларын жазды.

Абдолла Жұмағалиев Лермонтов, Низами, Байрон, Тоқтағұлдың жекелеген шығармаларын қазақ тіліне аударды.

Ақынның әдеби мұралары «Таңдамалы өлеңдер» (1945), «Өшпес жалын» (1962), «Өлмес өмір дастаны» (1985) атты жинақтарында жарияланған.

Ұлы Отан соғысы басталғанда 1941 жылы әскерге шақырылып, шілде айында майданға аттанады. Жалын жүрек ақын жаулармен арпалысып, 1942 жылы Мәскеу түбіндегі шайқаста Отан үшін, ұрпақ болашағы үшін ерлікпен қаза тапты.

Сырым ауданына қарасты Жосалы ауылдық округінің орталығы Қоңыр ауылындағы жалпы білім беретін орта мектепке 1958 жылы талантты ақын, жерлесіміз Абдолла Жұмағалиевтің есімі берілді.

Ақынға 1996 жылы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері атағы берілді.

 Әдебиеттер

  1. Абдолла Жұмағалиев «Жыр өзегі-Жымпиты»: Сырым елі ақындарының үні.-Орал,2006.-14-23б
  2. Жұмағалиев Абдолла: Өмірдерек // Қазақ әдебиеті анықтамалық-энциклопедия: / жалпылама шолу / .-Алматы, 2005.-228б.
  3. Жұмағалиев Абдолла: Өмірдерек//Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия:-Алматы,2002.-290б

 

Тілеков Жәрдем

 

  Тілеков Жәрдем - жазушы. Ұлы отан соғысына қатысқан. 1911 жылы 23 қарашада Сырым ауданының Аралтөбе ауылы дүниеге келген –. Орал педагогикалық институтында оқыды (1930-1932).

Орал обыстық «Екпінді құрылыс» газетінде бөлім меңгерушісі, 1937-1941, 1946-1957 жылы Орал, Атырау, Семей облыстар бойынша Қазақстан жазушылар одағының жауапты хатшысы. 1952-1973 жылдарыы Қазақстан мемлекеттік көркем әдебиет қазіргі «Жазушы» баспасында бөлім меңгерушісі, «Жұлдыз» журналында бас редактордың орынбасары.

Тұңғыш поэмасы – «Атырау толқыны» 1940 жылы жарық көрді. Алғашқы өлеңдер жинағы «Ақ сүр ат» 1948 жылы жарық көрді. «Жаңа жүк» (1953), «Қайнар» (1953), «Сақ солдат» (1975), «Жарық жылында» әңгімелер мен повестер жинақтары. «Темір Масин» (1966) очерктер жинағы «От кешу» (1967) романдары шықты. Ж. Тілеков шығармаларының тақырыбы халықтың ұлы отан соғысындағы ерлігі, тылдағы жаңқиырлық еңбегі т.б. бірқатар шығармалары шет тілінде аударылған А.П Чеховтың М.Д Соколовтың, М.А Шолоховтың жекеленген шығармалары қазақ тілінде аударылды.

«Еңбек Қызыл Ту» орденімен және медальдармен марапатталған.

1980 жылы 3 мамырда Алматы қаласында дүние салды.

 

 Әдебиеттер:

  1. Тілеков Ж. Алаштың ақ ордасы: жалпылама шолу. - Орал, 2004. - 287б.
  2. Тілеков Ж. Өмірдерек //Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия. - Алматы, 2002. - 497-498б.

 

 Мырза Әлі Қадыр

 

 Мырза Әлі Қадыр - ақын, жазушы, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының, халықаралық «АВЬЯС» сыйлығының иегері.

Жазушы 1935 жылы 5 қаңтарда Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданы Жымпиты ауылында дүниеге келген. 1958 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін, кейін аспирантурасын бітірген.

1958-62 жылдары республикалық «Балдырған» балалар журналында әдеби қызметкер, кейін 1962-1965 жылдары «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарды. Сондай-ақ 1968-73 жылдары «Жазушы» баспасында поэзия редакциясының меңгерушісі болды. Қазақстан Жазушылар одағы поэзия секциясының меңгерушісі қызметін атқарған.

Тұңғыш өлеңі 1954 жылы республикалық «Пионер» журналында жарияланған. «Көктем» атты тұңғыш өлеңдер жинағы 1959 жылы жарыққа шықты. Содан бергі уақыт ішінде елуден астам поэзиялық, прозалық, сондай-ақ әдеби-сын кітаптары жарық көрді, өлеңдері мен шығармалары мектеп оқулықтарына енді. Оның халыққа кең тарап, ел аузындағы шығармалары қатарында мыналарды атауға болады: «Домбыра» (1-кітабы 1971, 2 кітабы 1972), «Жерұйық» (1976), «Қызыл кітап» (1983), «Күміс қоңырау» (1970, 1985), «Қылыш пен қанжар» (1991), «Мәңгі майдан» (1993), «Биік баспалдақ» (1993), «Үкілі үзінділер» (1996) және соңғы жылдары ғана баспалардан жарық көрген  «Жазмыш» (2001), «Ғибратнәмә» (2001), «Иірім» (2004), «Шырғалаң» (2004), «Таңдамалы туындыларының 16 томдығы» (2005).

Қадыр Мырза Әлидің әнге арнап жазылған өлеңдері 200-ден астам. Олардың көбі халыққа кең тарап, «Үндер-ай!» (1984) атты жеке кітап ретінде басылып шықты. Талантты ақын қаламынан халық фольклорының күлдіргі кейіпкері Алдар Көсе туралы «Сақал саудасы», «Қасқыр қақпан» атты сатиралық комедия мен Махамбеттің ең соңғы азапты күндеріне арналған «Жаралы жолбарыс» атты драмалық шығармалар да туды.

Сондай-ақ Қадыр Мырза Әли көркем аударма саласында да жемісті еңбек етті. Әлемдік әдебиет өкілдерінің шығармаларын қазақ тіліне аударды. Жекелеген және топтама өлеңдері ағылшын, француз, неміс, поляк, болгар, венгер, фин тілдеріне аударылды.

Ақынға 1996 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Халық жазушысы» атағы берілді. Жастар сыйлығының, Мемлекеттік, Халықаралық «АВЬЯС» және «Тарлан» сыйлықтарының иегері.

Ақын 2011 жылы 76 жасында дүниеден озды.

 Әдебиеттер:

  1. Мырзалиев Қадыр Ғинаятұлы: Өмірдерек // Алаштың ақ ордасы Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы / жалпылама шолу / .- Орал, 2004.-205-026б
  2. Мырзалиев Қадыр Ғинаятұлы: Өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы: Алматы «Арыс»,2002

 

Мұқадес Есламғалиұлы

 

Мұқадес Есламғалиұлы - жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. 1946 жылы 18 ақпанда Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының «Ақырап» ұжымшарында дүниеге келген.

1962 жылы Бұлдырты орта мектебін, 1967 жылы Орал педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген. 1967 жылы Орал облыстық радио-телевидение комитетінде аға редактор, 1979 жылдан бастап республикалық «Жалын» баспасында аға редактор, 1983-84 жж. «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 1984-1990 жылдары республикалық телеарнада «Тамаша» ойын-сауық хабарының Бас редакторы, 1990-1993 жылдары «Денсаулық» журналында Бас редактордың орынбасары, 1993-1995 жылдары «Жазушы» баспасында жетекші редактор, 1998 жылдан Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып жұмыс істеді.

Тұңғыш әңгімесі 1966 жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде жарияланды. Алғашқы әңгімелер жинағы «Аққу сазы» деген атпен 1977 жылы жарық көрді.

Жазушының «Екінші тыныс» (1982), «Қайырлы таң» (1984), «Екі басқа дүние» (1986), «Пробный камень» (1990, орыс тілінде) атты әңгімелері мен повестері, «Толқын мен ағын» (1992), «Өз жүрегіңе үңіл» (1996), «Тұман  ішіндегі көш» (2000) атты романдары жарық көрді. Сондай-ақ, тарихи зерттеулері топтастырылған «Сан қилы сауал» (1995), «Әйтеке би» (1998), «Әбілхайыр хан», «Ғұмырнамалар мен ғибратнамалар» (2000) атты кітаптар мен «Әйтеке би» тарихи-философиялық дилогия (2003) жазған. Аталған кітаптарға енген туындылардың некен-саяғы тарихи тақырыптарға арналса, негізгісі өзіміз өмір сүріп отырған ортадағы оқиғаларды арқау етті. «Төле би», «Партизан Қасым Қайсенов», «Ақ бата», «Тамаша», «Жаһанша Досмұхамедов» атты жинақтарды құрастырды. В.Распутин, В.Шукшин, т.б. шетел жазушыларының әңгімелерін қазақ тіліне тәржімалаған. «Жазықсыз төгілген жас» атты пьесасы Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрында және облыстық театрларда қойылды.

2001 жылы «Тұман ішіндегі көш» романы үшін қаламгерге Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді.

2004 жылы 58 жасқа қараған шағында ауыр науқастан көз жұмды.

 Әдебиеттер:

  1. Мұқадес Исламғалиұлы: Өмірдерек // Алаштың ақ ордасы Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы / жалпылама шолу / .- Орал өңірі.-2004.-202б.
  2. Мұқадес Исламғалиұлы: Өмірдерек Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия.-Алматы «Арыс», 2002