• «БҚО Сырым ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Мұқадес Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ

Сырым ауданы - Батыс Қазақстан облысының шығысында орналасқан әкімшілік бөлік, бұрын Жымпиты ауданы деп аталып келді. Жымпиты - Сырым ауданының әкімшілік орталығы. Өлеңті өзенінің жағасында орналасқан, тұрғындарының саны – 5,7 мың адам. Іргесі 19-ғасырдың аяғында Жымпиты уезінің құрылуына байланысты қаланған деп есептеледі.


Облыс орталығы - Орал қаласының оңтүстік-шығысқа қарай 140 км жерде, Өлеңті өзенінің жағалауында орналасқан. Іргесі ХІХ ғасырдың соңында  Жымпиты уезінің құрылуына  байланысты қаланды. Сол өңірдегі ірі сауда–саттық орталығы болды. Татар және орыс саудагерлері Жымпитыда мешіт пен шіркеу салдырды. 1886 жылы Өлеңті өзенінің жағасында Жымпитының ірге тасы қаланды. Ауылда 1894 жылы екі кластық  мектеп, 25 төсектік аурухана жұмысқа кірісті.


Бұл өлке - өзіндік бай тарихымен еркшеленетін аймақ. Сонау ерте заманда осы біздің топырағымызда Қобыланды батырдың, Ер Тарғын мен Едігенің жауына қаһарлығы, асқан ерлігі, Қыз Жібек пен Төлегеннің мәңгілік махаббаты аңыз-жырға, халықтың ерлік эпосының өзегіне айналған.


Тәуелсіздікті сақтау жолында хан Әбілқайырдың Ресеймен әскери одақ құруы негізінде басталған қазақ жерін отарлау саясатына қарсы күрестің өзі – бір шежіре. Солардың бірі 1783-1797 жылдары кіші жүзде Сырым батыр бастаған ұлт-азаттық қозғалысы болды. Осы өңірде Байбарақ батыр, Марқасқа жырау, Тайлақ батыр, Бұлан би, Есенгелді бай өмір сүрген. Қабанбай – Қақпақтыны мекендеген Қаратай сұлтан әулеті, соның бір ұрпағы Мұхит Мерәліұлы екені әлі зерттеуді қажет етеді. Белгілі қайраткер Халел Досмұхамедов:  “Кіші жүздің жүз жарым жылдай тарихы қанмен жазылған” – дейді. Шынында да, патша үкіметі қолға түскен қазақ басшыларын құртумен болды. Хан Нұралы тұтқындалып, Уфада өлді. Оның баласы Орман Петербор түрмесінде қаза тапты. Орманның баласы Күсеп бүкіл ұрпағымен жер аударылды.


Патша тәртібіне қарсы шыққан Байбақты руынан шыққан 400 адам каторгіге айдалды. Белгілі би Жүніс пен Сәнгерәлі батыр Орынбор  түрмесінің құрбаны болды.


1805-1818 жылдары Қайыпқали Есімов бастаған көтеріліс, 1829-1838 жылдардағы беріш Исатай Тайманов көсемдік еткен шаруалар соғысы,


1847-1858 жылдардағы Есет Көтібаров көтерілісі қанға боялып, жеңіліс тапты.


Ал, ХХ ғасырдың басында Жымпиты өңірі үлкен дүрбелеңдердің орталығына айналды. Осы жерде Күнбатыс Алашорда үкіметі ту тігіп, тұңғыш қазақ мемлекетінің іргетасы қаланып, үш жылға жуық жұмыс жасағаны белгілі. Сол кезеңде мұнда оқыған зиялы азаматтардың бір топ шоғыры жиналды. Олардың көзқарастары әртүрлі болғанымен, жалпы бағыты қазақ елін нығайту, оның тәуелсіздігін қамтамасыз ету болатын. Солардың қатарында Жымпиты өңірінің азаматтары Бақытжан Қаратаев, Жаһанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов, Молдағали Жолдыбаев, Меңдігерей Ипмағамбетов, Иса Қашқынбаев, Дәулетше Күсепқалиев, Ғалиасқар мен Ғұбайдолла Әлібековтер, Ахмет Мәметов, Е.Қасаболатов, Кафи Мырзағалиев - ұрпақтары үшін мақтаныш.


1919 жылы қарашаның 19 жұлдызында Жымпиты Кеңес өкіметі орнады.


1920 жылы қазанның 12 жұлдызында Орал губерниясы құрылып, оның құрамында Жымпиты уезі де болды. 19 болысты біріктірген уездің жер көлемі - 38500 шаршы километр, халқының саны - 78861 адам болды.


1928 жылы қаңтардың 17 жұлдызында уезд таратылып, 6 болыстан  Жымпиты ауданы құрылды.


Жер көлемі - 1093920 гектар, әкімшілік бөлінуі 24 ауылдық советтен тұрды. Әрбір ауылдық советте орта есеппен 1089 адам бар деп есептелінді.


1933 жылы аудан көлемінде “Сарыой”, “Игілік”, “Қызыл таң”, “Социализм”, “Калинин”, “Сталин”, “Жұмыскер”, “Төңкеріс”, ”Сәуле”, “Бірлік”, “Ұмтыл”, “Кедей”, “Алға”, “Тамды”, “Жұлдыз”, “Исай” атты 16 колхоз ұйымдастырылып, олардың төңірегінде 40 серік (ТОЗ) құрылды.


1928 жылы Жымпиты ауданы бойынша 28 бай кәнпескіленіп, жер аударылды. Олардың ең ірілері Салық Омаров, Өтеқожа, Қали Шәуілбековтер болды.


1934 жылдан бастап ауданда репрессия кеңінен етек алды. Оларға "халық жауы" деген атақ берілді. Жазықсыз жапа шеккендердің басым бөлігі кейін ақталып, олардың аты-жөндері саябақтағы ескерткіш тақтаға жазылды.


Ұлы Отан соғысы қарсаңында ауданда 41 колхоз, 5 совхоз, 2 МТС болған. Аудан шаруашылықтары 1940 жылы мемлекет есебіне 13100 центнер астық, 16740 центнер ет, 607 центнер жүн дайындап берген.


Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда ер адамдар соғысқа алынып, ауылда қарт адамдар, қыз-келіншектер мен жас балалар қалып, еңбек етті. Осы жылдары Жымпитының "ақ тарысының" атағы шықты. Ақ тарының анасы болған Майра Зияшеваның еңбегі тек ауданға емес, тіптен кезінде Одаққа мәлім болды. М.Ешмұханова, Ү.Қобдабаева, К.Нұрмұханов сынды қырық шақты қыздар трактор жүргізуді меңгеріп, рульге отырды.


1941-1945 жылдары Жымпиты ауданынан майданға 3501 адам жіберілді, олардың 1972-сі елге қайтып оралмады, соғысқа Жымпитыдан бес қыз аттанды, олардың үшеуі құрбан болды. Ал аман оралған Ә.Ниязғалиева, М.Үмбетова көп жылдар ел игілігіне еңбек етті.


1941 жылы неміс автономиясынан көптеген неміс жанұялары келіп, аудан көлемінде орналастырылды.


Содан олар ата жұрттары Алманияға көшкенше, 1991 жылдарға дейін осы өлкеде тұрып, жергілікті тұрғындармен (қазақтармен) бауырласып кетті. Олардың тағдыры туралы жерлесіміз Ғаділше Өтебалиев “Жымпитылық немістер“ атты кітап жазып, екі халықтың татулық өнегесін көпшілікке паш ете білді.


1947-1957 жылдары колхоздар ірілендіріліп, кейіннен совхоздар болып қайта құрылды.


1990 жылы ауданда он совхоз, екі колхоз болды. Оларда 45240 бас ірі қара, 168500 бас қой, 4400 бас жылқы есепте тұрған.


1989 жылдың қорытындысы бойынша өндірілген ет - 94757, сүт - 14452, жүн - 3984 центнер болғаны айтылады. Ал, астық көлемі 1228456 центнерге жеткен. Сол кезде аудан халқының саны 34534 адам болып, 17 ұлт өкілі көрсетілген.


1988 жылы аудан бірде-бір артта қалған шаруашылықсыз жұмыс жасап, жылды 12 миллион сом таза пайдамен аяқтаса, 1989 жылы рентабельділікті 40 пайызға өсіріп, таза пайданы 20 миллионға жеткізді.


1989-1991 жылдары көптеген тұрғын үйлер салынып, пайдалануға берілді. Қарасу мөлтек ауданы пайда болды. Биіктігі – 197 метр телемұнара іске қосылды.


1992 жылы жерлесіміз Сырым Датұлы батырдың туғанына 250 жыл толуын атап өтуге байланысты аудан тұрғындарының сұранысына орай, Жымпиты ауданының атауы - Сырым ауданы болып өзгертілді.


Орталығы - Жымпиты ауылы Өлеңті өзенінің жағасында орналасқан, тұрғындарының саны – 5,7 мың адам. Іргесі 19-ғасырдың аяғында Жымпиты уезінің құрылуына байланысты қаланған деп есептеледі.