• «БҚО Сырым ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Мұқадес Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ

Ахмет Байтұрсынұлы – дәуірдің дара тұлғасы

Қазақтың көрнекті ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы,  қоғам қайраткері –  Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылғы 5 қыркүйектe Қостанай облысының Жангелді ауданы Сарытүбек ауылында дүниеге келген. Биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде, ЮНЕСКО аясында атап өтілуде.

Этносаралық қатынас тілі ретінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту арқылы қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту мақсатында, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасын ұйымдастыру және өткізу аясында 2022 жылғы 7 қыркүйек күні сағ. 11.00-де мемлекеттік тілде жалпықазақстандық ашық диктант өткізілді.

Осы мақсатта Мұқадес Есламғалиұлы атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкерлері арасында, Алғабас, Аралтөбе, Бұлдырты, Шағырлыой, Көздіғара, Жосалы, Жырақұдық, Талдыбұлақ кітапханаларында оқушылармен, мемлекеттік қызметкерлер арасында диктант ұйымдастырылды. Барлық қатысушылар саны – 115 адам.

Ахмет Байтұрсынұлының мемлекет қайраткері ретінде, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін қалаушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы ретінде елге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Туған халқына қызмет етуге бар ғұмырын арнаған ойшыл ақын өз дәуірінің сәулелі жұлдызына айналды.  Ұлы тұлғаның халыққа сіңірген еңбегін бағалап, мол мұрасын зерделеу – бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы.