• «БҚО Сырым ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Мұқадес Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ

Қазақстан РеспубликасыҮкіметінің 2017 жылғы 15 желтоқсандағы №838 «БатысҚазақстан облысының мәдениет және білім беру ұйымдарына атау беру туралы» Қаулысымен «Сырым аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» мемлекеттік мекемесіне көрнекті жазушы, жерлесіміз Мұқадес Есламғалиұлының есімі берілді.

Мекеме атауы: «Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданы әкімдігінің мәдениет тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Мұқадес Еслағалиұлы атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі



Сырым аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің әдістемелік орталығы болып табылатын аудандық кітапхананың тарихы сонау 1920 жылдан басталады. 
1980 жылы бастап аудан аумағындағы кітапханалар біріктіріліп, халыққа қызмет көрсетудің бірыңғай орталықтандырылған кітапхана жүйесіне көшті. «Жымпиты аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» мемлекеттік мекемесі болып құрылды. Аудандық кітапхана бір жүйеден кітап қорын қалыптастырып, әдістемелік көмек көрсететін орталыққа айналды.

Жымпиты аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің мұрагері - Сырым аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі мемлекеттік мекемесі болып табылады.

1999 жылға дейін Сырым аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі аудандық мәдениет бөлімінің құрылымдық бөлімшесі болды. Ал 1999 жылдап бастап өз алдына дербес заңды мекеме. Сырым аудандық мәдениет бөлімінің 10.05.1999 жылғы №32 бұйрығымен «Жымпиты аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» «Сырым аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» мемлекеттік мекемесі болып өзгертілді.

Сырым аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі мемлекеттік мекемесіндегі кітапханалар - көпшілікке арналған, жалпыға қолжетімді ақпарат, мәдениет және білім орталығы. Кітапхана жүйесі оқырмандардың мәдени-танымдық қажеттіліктерін қанағаттандыру функцияларын жүзеге асыру үшін құрылған. Кітапхана баспасөз шығармаларын жинау, сақтау, насихаттау, оқырмандарға баспасөз шығармаларын беру, библиографиялық ақпарат жинау, мәдени-ағарту және ғылыми-көпшілік жұмыстарын ұйымдастырумен шұғылданады. Кітап қорын мемлекеттік және басқа тілдегі басылымдармен толықтырады, кітап қорындағы басылымдарды насихаттау бағытында оқырмандармен түрлі мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырады, әдебиеттерді насихаттау бағытында оқырмандар арасында танымдық, тәрбиелік мәні бар іс-шаралар ұйымдастырады, білім және тәрбие беру, қосымша білім беру ұйымдарымен, т.б. мемлекеттік мекемелермен тығыз байланыста жұмыс жасайды.

20 мыңнан астам тұрғыны бар ауданда 24 кітапхана халыққа кітапханалық қызмет көрсетеді. Кітапхана жүйесі құрылымындағы 24 кітапхананың 1-еуі аудандық кітапхана, 1-еуі аудандық балалар кітапханасы, 22-сі ауылдық кітапхана болып жіктеледі.

«Сырым  аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» мемлекеттік мекемесі Сырым ауданы, Жымпиты ауылы, Қазақстан көшесі, №4 мекен жайында орналасқан.

Кітапхана жүйесінің директорлары
1980-86 жылдары Сақаева Гүлзия (Света) Уәлиқызы
1987-97 жылдары Теміралиева Тамара Хасенқызы
1997-2016 жылдары Хасанова Раушан Қапанқызы («Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісінің иегері) 
2016 жылдан бүгін күнге дейін Уалиахметова Айнұр Жасұланқызы


Теміралиева Тамара Хасенқызы 1942 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Әкесі Теміралиев Хасен көп жылдар бойы Орал облыстық партия комитетінде, Жәнібек аудандық партиясының екінші хатшысы, Ордааудандық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған, Қаратөбе совхозының директоры болып жұмыс жасады. Теміралиева Тамара Хасенқызы орта мектепті 1960 жылы Жамбыл қаласында бітірген. Сол жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына түсіп, 1965 жылы институттың «кітапханатану» факультетін бітірген. Институтта оқыған кездері Фрунзе қаласында өткен Орталық  Азия және Қазақстан студенттерінің халықаралық конференциясына қатысып, І-дәрежелі дипломға ие болды. Бірнеше мәрте Мақтау қағаздарымен марапатталды. Еңбек жолын 1965 жылы Қособа орта мектебінен бастаған. 1967 жылы Жымпиты аудандық кітапханасының меңгерушісі болып тағайындалды. 1970 жылы аудандық «Білім» ұйымының жауапты хатшысы қызметіне ауыстырылды. 1972-1977 жылдары Тасқұдық орта мектебінде мұғалім болып жұмыс жасады. 1977 жылдан 1979 жылға дейін аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы қызметінде еңбек етті. 1979 жылы «Білім» ұйымының жауапты хатшысы жұмысына ауысты. 1987 жылы Сырым аудандық ОКЖ директоры қызметіне тағайындалды. Еңбек еткен жылдарында кітапхана ісін ілгерілетуге қосқан үлесі үшін бірнеше мәрте аудан, облыс, республика Мақтау грамоталарымен марапатталды, СССР мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасына ие болды. 1997 жылдың қазан айында зейнеткерлікке шықты. Қазіргі кезде Орал қаласында тұрады.

Сакаева Гүлзия Уәлиқызы 1950 жылдың 3 ақпанында Грозный облысы Каясулы ауданының Махмуд-Мектеб ауылында мұғалімдер әулетінде дүниеге келген. 1966 жылы Астрахань облысында орта мектепті үздік бітірген. Содан кейін Орал музыкалық, педагогикалық училищесінде оқып, 1981 жылы Орал педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. 1970 жылы Орал облысы Жымпиты ауданы Жымпиты  ауылының тұрғыны Сакаев Төлеу Молдашұлымен отбасын құрды. Ол Жымпиты ауылында аудан тарихында алғаш балалар музыка мектебін құрып, директоры және «фортепиано» класының оқытушысы болды. Алғашқы еңбек жолын училищеде оқып жүргенде Орал қаласындағы №20  дүкенінің сатушысы қызметінен бастады, содан кейін аудандық халыққа білім беру бөлімінде кассир, ал 1975-1980 жылдар аралығында Жымпиты аудандық атқару комитетінде хатшы-іс жүргізушісі, 1980-1987 жылдары Жымпиты аудандық кітапхана жүйесінің директоры болып жұмыс жасап, аудан кітапханаларына алғаш кітапханалық-библиографиялық жіктеу жүйесін енгізді, ал 1987 жылы тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау ұйымының жауапты хатшысы қызметіне ауыстырылды. 1990-1999 жылдары Жымпиты аудандық АХАЖ бөлімінің меңгерушісі болды, әділет кеңесшісі деген дәрежесі бар. Содан кейін отбасы жағдайымен облыс орталығы - Орал қаласына көшіп, 2002- 2004 жылдары ТДК-42 тәуелсіз телевизиялық каналының директоры болып жұмыс жасады.

Хасанова Раушан Қапанқызы 1958 жылдың 10 маусымында Алматы облысы Жамбыл ауданының Үңгіртас ауылында дүниеге келген. 1975 жылы Орал облысы Қаратөбе ауданының Қалдығайты орта мектебін бітірген. 1976-1980 жылдары аралығында Қазақ мемлекеттік қызда педагогикалық институтының «Кітапханатану және библиография» факультетінде оқып, кітапханашы- библиограф мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолы Қалдығайты ауылды клубы жанындағы кітапханада кітапханашы қызметінен бастаған. 1982 жылдан бері Сырым аудандық кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде, әдістемелік бөлімінде еңбек еткен. 1997 жылы Сырым аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры қызметіне тағайындалды. Басшылық қызметтің үлкен жауапкершілігін ойдағыдай атқара жүріп, кітапхана саласы міндеттерінің бірі-бала тәрбиесіне, саналы ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріп, әр уақытта бірінші орынға қойды. Халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық-рухани құндылықтарын ұрпақ бойына дарытып, сол асыл мұрадан сусындаған ұлтжанды, отансүйгіш, білімді де жаңашыл тұлғалар тәрбиелеуге сүбелі үлес қосты. 2016 жылдың маусым айында зейнеткерлік жасқа жетуіне байланысты құрметті демалысқа шықты. Қазіргі таңда Жымпиты ауылында тұрады.


Уалиахметова Айнұр Жасұланқызы 1971 жылы 13 желтоқсанда Орал облысы Жымпиты ауданының Жамбыл ауылында дүниеге келген.1989 жылы Орал қаласындағы №11 орта мектепті бітірген. 1990-1994 жылдары Әл-Фараби атындағы Шымкент мәдени- педагогикалық институтының «Кітапханатану және библиография» факультетінде оқыған. Аталған оқу орнын 1994 жылы кітапханашы-библиограф мамандығы бойынша бітірген. Сырым аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі мемлекеттік мекемесінде 1994 жылдан бері еңбек етіп келеді. Кітапхана саласында 24 жыл 4 ай үздіксіз еңбек етеді. Кітапхана саласындағы еңбек жолын 1994 жылы аудандық кітапхананың меңгерушісі қызметінен бастаған. Сол жылдың қазан айында әдістемелік-библиографиялық бөлімнің аға әдіскері қызметіне ауыстырылды. 2003-2008 жылдары аралығында әдістемелік- библиографиялық сектордың жетекшісі болып қызмет етті. 2008 жылдан күні бүгінге дейін кітапханаларды дамыту бөлімінің меңгерушісі қызметінде еңбек етті.


Аудандық кітапхана меңгерушілері болып, қызмет етті:
1937-45 жылдары Абдушева Мүслима
1950-53 жылдары Нурманова Өзипа
1953-64 жылдары Каримова Сария
1964-66 жылдары Мұханбетқалиева Мәрия
1966-68 жылдары Исатаева Бағи
1968 -70 жылдары Теміралиева Тамара Хасенқызы
1971-74 жылдары Уалиахметова Майра Уалиахметқызы
1974-80 жылдары Даулетова Галия
 
Каримова Сария 1923 жылы   дүниеге келген. Орта білімді. 1953 жылы аудандық кітапхананың меңгерушісі болып тағайындалған. Еңбек жолын 1944 жылы Қазақстан жеті жылдық мектебінің мұғалімі болып бастаған. 1947 жылы балалар бақшасының меңгерушісі, 1953 жылдың 25 мамырында аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі, 1953-1964 аудандық кітапхананың меңгерушісі, 1964-1969 жылдары кітапханашы болып, жемісті еңбек етті.
 
 
 
 

 
Мұханбетқалиева Мария 1939 жылы 5 мамырда Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданына қарасты Ұзынкөл елді-мекенінде дүниеге келген. 1947-1958 жылдары орта мектепте оқыған. 1958-1960 жылдары Атырау облысына қарасты Құлсары, Батыс Қазақстан облысының Жалпақтал (бұрынғы Фурманов ауданы) аудандарында шаруашылық   жұмыстарына араласты. 1960 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына түсіп, оны 1964 жылы кітапханашы-библиограф мамандығы бойынша тамамдап шықты. Осы жылы арнайы жолдамамен Жымпиты ауылына жіберіліп, мұнда аудандық кітапхана меңгерушісі болып тағайындалады. Аудандағы тұңғыш жоғары білімді кітапханашы М.Мұханбетқалиева 1966 жылы жолдасының қызмет бабымен Жосалы кеңшарына көшіп, осындағы ауылдық кітапхана меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1968 жылы аудан орталығына қайта көшіп, аудандық кітапханада кітапханашы болып қызмет атқарды. 1972-85 жылдары Жосалы кеңшарындағы А.Жұмағалиев атындағы орта мектептің кітапхана меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1985-1991 жылдары зейнеткерлікке шыққанға дейін аудандық кітапханада «Ауыл шаруашылығы» бөлімінің меңгерушісі қызметінде болды. Қазір құрметті демалыста.
 
 
Исатаева Бағи Исатайқызы 1940 жылы 14 наурызда Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей облысы) Абай ауданында (қазіргі Абыралы) дүниеге келген. 1947 жылы Абыралы орта мектебіне 1 класқа қабылданып, Павлодар қаласы №1 Киров атындағы мектептен 10 жылдық білім алып шығады.  1957-59 жылдары аралығында Семей қаласы «Большевичка» тігін фабрикасына жұмысқа орналасады. 1960 жылы Алматы қыздар педагогикалық институтының «Кітапхана және библиография» факультетіне оқуға түсіп, «кітапханашы» мамандығын алып шығады. 1964 жылы Купешов Тұрғалиға тұрмысқа шығып, Жымпиты ауылындағы аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Ауданда кітапхана қызметіне келген бірінші жоғары білімді маман болатын. Сол қызметте үзіліссіз 1990 жылға дейін абыройлы қызмет атқарып, 1990 жылдың маусым айында зейнеткерлікке шықты. 2007 жылы дүниеден озды.

Хусайынова Қадима 1938 жылы Орал облысы, Тайпақ ауданы Өлеңті совхозында дүниеге келген. Әкесі Қобыландиев Х. оқытушы отбасында жалғыз өзі болған. 1956ж Жымпиты орта мектебін бітірген. 1957-1959жж Абай селосында кітапханашы меңгерушісі болып жасаған. 1959ж облыстық кітапханада 10 айлық курста оқып бітірген соң, 1959-1962 жж аудандық кітапханада кітапханашы болып жасады. 1962-1973 жж Аудандық партия комитетінің кітапханашысы болып еңбек етті. 1973-1992жж аудандық балалар кітапханасында кітапханашы болып жасады. 1988жылы зейнеткерлікке шықты. Отбасында 9 бала тәрбиелеп, 1998 жылы «Ардақты ана» атағын алды. Үкімет грамоталарымен марапатталды. Қазіргі таңда Жымпиты ауылында тұрады.
 
Ишанғалиева Тойдық 1962 жылдан 1992 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Аралтөбе ауылдық кітапханасында еңбек етті. Жұмысқа кірген уақытта 1444 дана  кітап қоры болған. Жанұясында бес ұл, ш қыз тәрбиелеген. Ишанғалиева Тойдық қызмет еткен жылдары кітапханада көптеген қызықты көпшілік шаралар ұйымдастырылды. Кітап қоры 18000 данаға жетіп, оқырман саны да көбейді. Ишанғалиева Т.  еңбек еткен жылдарында бірнеше мәрте СССР мәдениет министрлігінің құрмет грамотасы (республикалық, облыстық, аудандық) марапаттауларына ие болды.)Қазіргі таңда Аралтөбе ауылында тұрады.

 

 

Уалиахметова Майра 1949 жылы 25 қарашада Батыс қазақстан облысы Сырым ауданының Жамбыл ауылында дүниеге келген. 1966 жылы орта мектепті бітіріп, 1966-1968 жылдары Жамбыл орта мектебінде пионер жетекшісі болып  жұмыс жасаған. 1968-1971 жылдары Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінде оқыды. 1971-1974 жылдары аудандық кітапхана меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1974-1981 аралығында Қосарал ауылдық кітапханасында кітапханашы болып, жұмыс жасады. 1990 жылы аудандық кітапханаға келіп оқу залында және кітаппен толықтыру бөлімінде кітапханашы болып жұмыс жасап, 2007 жылы зейнеткерлікке шықты. Қазіргі таңда Орал қаласында тұрады.


Айтбаева Ұмсын 1955 жылы Ақтөбе қаласындағы екі жылдық мәдени-ағарту қызметкерлерін дайындайтын училищені бітіргенен кейін аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі болып тағайындалды. Ал 1967 жылдан бастап зейнет демалысына шыққанға дейін аудандық кітапханада кітапханашы болып еңбек етті. 30 жылға жуық мерзім ішінде қоғамдық-саяси және көркем әдебиетерді насихаттаудағы сіңірген еңбегі зор. Ұмсын Айтбаева келген жылдары 1967 жылы кітап қоры 15000 дана болса, 1977 жылы 26000 данаға жеткен. Жыл санап кітап оқушылардың саны да өсіп отырған. 1967 жылы оқырман саны 780 болса, 1976 жылы 1300 оқырманға жетті. 1977 жылы 25 атаулы газетке, 75 атаулы түрлі журналдарға жазылған.

 

Даулетова Галия 1936 жылы дүниеге келген. 1974-1980 жылдары аудандық кітапхананың меңгерушісі болып қызмет атқарды. Даулетова Галия арнаулы орта білімді. 1974-1986 жылдары аудандық кітапханада белсенді еңбек етті.

 

 

 

 

 

 




Карина Ұрқия Әжіғапқызы 1968 жылдан бастап мәдениет саласында еңбек еткен кітапхана меңгерушісі болып жұмысқа орналасады. Уақыт өткен сайын мезгіл мен халықтың талап-тілегіне сай кітапхананың кітап қоры молайып, өзіде жан-жақты ірге жайып,кеңейе бастады. 1968 жылы кітапханада кітап қоры – 2600 данаға жетті, оқырман саны - 300-ге көтерілді.Кітапхана орны ауыл ішіндегі орталық клубта орналасқан.1987 жылға дейін осы клуб ішіндегі 2 бөлмелі орында болды.      Орталық кітапханада еңбек ете жүріп –Карина  Ұрқия  жақсы еңбегі үшін, еңбек депутаттарының Орал облыстық мақтау громатасымен марапатталып, 1940 жылы КПСС мүшесіне қабылданады. Карина Ұрхия Әжіғапқызы 1930 жылы Ащысай ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1950 жылы Чапай (қазіргі Көздіғара ауылы) жетіжылдық мектебінің мұғалімі болып бастаған. 1954 жылы аудандық мәдениет бөліміне жұмысқа келіп балалар кітапханасының меңгерушісі  болып жұмысқа орналасады. Семья жағдайына байланысты және Сарой ауылында орталық клубта «клуб меңгерушісі» болып қызмет атқарған. 1968 жылдан бастап, 1991 жылға дейін үзіліссіз Сарой ауылында кітапхана меңгерушісі болып қызмет атқарған. Карина Ұрхия «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. 1995 жылы 65 жасында дүниеден озды.

Мырзағалиева Күлаш  Бақытжанқызы 1951 жылы дүниеге келген. Еңбек жолы 1968 жылдан басталады. 1970-72 жылдары Ақтөбе мәдени-ағарту техникумын жұмыстан қол үзбей бітірген. 1975 жылы «Үздік кітапханашы» жеңімпазы. 1978 жылы аудандық «Қызыл ту» газетінің штаттан тыс тілшісі. 1983 жылы партия ұйымының мүшесі. 1978 жылы Білім қоғамының секретары. Аудандық, ауылдық советтердің депутаты. Әйелдер кеңесінің төрағасы. 1989 жылдан «Орал өңірі» газетінің штаттан тыс тілшісі. Бірнеше мақтау қағаздары және 10, 11-бесжылдықтардың жеңімпазы. 2001 жылы Тәуелсіздіктің 10 жылдығында жеңімпаз атанған. 2002-2003 жылдары реферат жазудан жүлделі орынға ие. 1990 жылы Қаратөбе ауданы конференциясында жұмысы,  облыс көлемінде озық іс-тәжірибесі таратылды. 2005 жылы Ауыл энциклопедиясын жазудан облыс бойынша 2-орынды, «Үздік өлкетанушы» атағын жеңіп алып, диплом, бағалы сыйлыққа ие болды. Қазіргі таңда құрметті демалыста. Орал  қаласында тұрады.

 

Қайжан Гүлбағида Зағыпарқызы 1951 жылы Жымпиты ауылында дүниеге келген. 1958 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1964-1969 аралығында Оралдағы С.Сейфуллин атындағы мектепте оқып, 1969 ж 11класты бітіріп шықты. Сол жылы кітапханалық мамандығын алып шықты. 1969 жылы сол мамандық бойынша Аудандық балалар кітапханасына кітапханашы болып орналасты. 1980 жылға дейін кітапхананың әр бөлімінде жұмыс жасады. 1980-1993 жылдары  кітаппен қамту бөлімінде меңгерушілік қызметін атқарды. 1993 жылдан бастап Аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі қызметін атқарып 2009 жылы қарашада зейнеткерлікке шықты.  Кітапханалық қызмет атқаруда алғыс хаттармен, мақтау грамоталармен марапатталды. 1980ж «Үздік кітапханашы» атағын алды. Отбасылы, 2 бала, 4 немересі бар.Қазіргі таңда Жымпиты ауылында тұрады

Жұмышева  Ақзия  Рамазанқызы 1955  жылы  Орынбор  облысында  дүниеге келген. 1972 жылы  Жосалы  орта  мектебін бітірген. Оралдағы  екі   айлық  кітапханашылар  курсын  бітіріп,  жаңадан  ашылған  Жданов  селолық  кітапханасында  кітапханашы  болып  еңбек  жолын  бастады. 1975-79 жылдар аралығында Шымкент  педагокикалық  мәдениет  институтының   «Кітапхана»  факултетінде  сырттай   оқыды. 1977 жж  жанұя  жағдайымен  Кеңащы  селолық  кітапханасына  жұмысқа  ауысып, 1997  жылға дейін  кітапхана  бөлімшелерінің қысқартылуына  орай, жұмыстан қысқартылды. 2006  жылдың  ақпан  айынан     Жосалы  ауылдық кітапханасында және Тамды ауылдық кітапханаларында   кітапханашы  болып  еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Өзінің  кітапханашы  болып  еңбек  еткен  жылдарында құрмет  грамоталарымен,  мақтау  қағаздарымен, сыйлықтармен  марапатталған. Жанұялы,  бес  бала  тәрбиелеп өсірген   өнегелі  ана.Қазіргі таңда Орал қаласында тұрады.

 
Болатова Ботагоз 1951 жылы Қосарал ауылында дүниеге келген. 1981 жылдан Қосарал ауылдық кітапханасында еңбек етіп келеді. Булатова Ботагөз 1968 жылы орта мектепті бітіріп сол жылы еңбек жолын клуб меңгерушісі болып бастаған. 1969 жылдан 1971 жылдары Ақтөбедегі мәдени-ағарту училищесінде оқыған. 1972-1973 жылдары Жетікөл ауылдық кітапханасында кітапханашы болып жұмыс істеп 1973-1979 жылдары совхоз бастаушы комсомол ұйымының секретары болып жұмыс жасаған. 2009 жылы зейнеткерлікке шығып, құрметті демалыста. Ақсай қаласында тұрады.

 

 

 

Тұралбекова Зоя Муханбетқалиқызы Қаратөбе ауданы, Ақтайсай ауылында 1952 жылы дүниеге келген. 1969 жылы орта  мектепті бітіріп, сол жылы   қазіргі Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы жанындағы  кітапханашыларды даярлайтын 1 жылдық курсты оқып, кітапханашы мамандығын алып шықты. Алғашқы еңбек жолын 1971 жылы  мәдениет бөлімі жанындағы жылжымалы кітапхананың меңгерушісі болып бастайды. Жылжымалы кітапханада бір жылдай жасап, аудандық кітапханаға кітапханашы болып қызметке тұрды.  1980 жылы толықтыру және өңдеу бөлімінде, 2004-2006 жылдары оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде, 2006-2007 жылдары әдістемелік-библиографиялық  бөлімде, 2007 жылдан  кітаппен толықтыру және өңдеу бөлімінде редактор болып қызмет атқарды. Зоя Мұхамбетқалиқызы - өмірінің 33 жылын  кітапхана ісіне аранап, жұмыс барысында  оқырмандардың құрметі мен ыстық ықыласына бөленген жанның бірі. Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде оқырмандарға ұсынылатын әдебиеттерді жетік білуі, өз ісіне жауапкершілікпен қарауы, оқырмандарының арасында зор беделге ие болуына, олардың құрметіне бөленуге ықпал етті. Аудан көлеміндегі ауылдық кітапханалардың кітап қорын толықтыру, сақтауды өзінің басты міндеті ретінде түсінген Зоя Мұханбетқалиқызы ауыл кітапханашыларына түрлі кеңестер беріп, практикалық іс-тәжірибелік көмектер көрсетіп отырды. Мамандығын құрмет тұтатын кітапханашы өз  әріптестері алдында зор  беделге ие болып, үнемі өзінің өмірлік, іскерлік іс-тәжірибесімен бөлісіп отырды. Өз  ісінің шебері, білікті маман аудан әкімінің Алғыс хатымен, Мақтау қағаздарымен марапатталды. Асыл жар, ардақты ана, аяулы әже. Қазіргі уақытта құрметті демалыста.

Аманғалиева Қазира Төлеуқызы 1948 жылы 28 қарашада Тасқұдық ауылына қарасты Алатау бөлімшесінде дүниеге келген. 1972 жылы Ақтөбе мәдениет- ағарту училищесін бітіріп келген, кітапхана ісінің маманы Аманғалиева Қазира Төлеуқызы Тасқұдық ауылдық кітапханасында кітапханашы болып еңбек етті. 1980-1985 жылдар аралығында кітапханада оқырмандар саны берілген жоспардан артығымен орындалып кітапханашы Қ.Аманғалиева «Үлгілі кітапханашы» атағын жеңіп алды. 1999 жылдың тамыз айында кітапханашы Аманғалиева Қазира 33 жыл кітапханашы болып бір салада еңбек етіп, білім қазынасы кітапханашы халық арасында насихаттап, халыққа мәдени қызмет көрсетуде қол жетістіктері мен табыстары үшін облыстық мәдени басқарманың құрмет грамотасымен марапатталды. 1999 жылы зейнеткерлікке шықты.

 

Сұлтанғалиева Нәсіп Кәримоллақызы 1953 жылы ақпан айының 25-ші жұлдызында дүниеге келген. Сұлтанғалиева Нәсіп 1973 жылдың 1-ші наурызынан бастап Көздіғара ауылының кітапханасына жұмысқа орналасты. Кітапхананың жұмысымен бірге қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүрді. 2008 жылы зейнеткерлікке шығып, Қазіргі таңда Көздіғара ауылында тұрады.

 

 

 

 

 

 

 

Ихсанова Малика Зайлағиқызы 1958 жылдың 5 қарашасында Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының Жымпиты ауылында дүниеге келген.

1976 жылы Жымпиты орта мектебін бітірген.

1978 жылы Н.Крупская атындағы облыстық кітапхана жанындағы 1 жылдық кітапханашылық курсты бітіріп, сол жылы Қособа ауылдық кітапханасына кітапханашы қызметіне орналасқан.

1980 жылы әдістемелік-библиографиялық бөлімнің библиографы қызметіне тағайындалды.

1988-1997 жылдары аудандық кітапхананың кітапханашысы қызметінде еңбек етті.

2000-2009 жылдары Өлеңті ауылдық кітапханасында кітапханашы болып жұмыс жасады.

2009 жылдан бері оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде жасөспірімдермен жұмыс  кітапханашысы болып еңбек етті.

Малика Зайлағиқызы - саналы ғұмырын кітапхана ісіне арнаған тәжірибелі кітапханашы, үздік маман. Кітапханашы мәртебелі мамандығының мерейі мен беделін арттыруда аянбай, бар күш-жігерін, білім-білігін арнап, 35 жылға жуық еңбек етіп келеді. Қызмет барысында біліктілігін, ұйымдастырушылық қабілетін, мол іс-тәжірибесін байқатып, жоғары еңбек қабілеттілігімен ерекшеленді. 2016 жылы зейнеткерлікке шығып, қазіргі таңда құрметті демалыста.

Оразғалиева Лиза Бақтығұлқызы 1959 жылы 30 маусымда Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының Ағоба ауылында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. 1976 жылы Тасқұдық орта мектебін бітірген.

1978 жылы Тінәлі ауылдық кітапханасына жұмысқа қабылданып, сол жерде 2 жыл еңбек еткен. 1980-82 жылдары Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінің «кітапхана ісі» бөлімінде оқып, кітапханашы мамандығы бойынша бітірген.

1982 жылы Талдыбұлақ ауылдық кітапханасының кітапханашысы қызметіне тағайындалды. Осы еңбек жолында ол өзінің еңбексүйгіштігін, ізденімпаздығын, жан-жақты, заман талабына сай жұмыс істей алатынын көрсетті. Ағартушылық жұмыстармен шұғылданып,  жаңашыл ойларымен оқырмандардың білімін шыңдау, оқу дағдысын қалыптастыру, қабілеттерін арттыру бағытында маңызы зор шаралар ұйымдастырып, кітапхана жұмысын насихаттауда елеулі еңбек етеді.

 2017 жылы құрметті демалысқа шықты. Қазіргі таңда Талдыбұлақ ауылында тұрады.