• «БҚО Сырым ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Мұқадес Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ

Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебеап ғылыми кітапханасы дарабоз дарын, абыз ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты және тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығын насихаттау мақсатында VII-облыстық «Қадыр оқулары» байқауын жариялады.

 

Биылғы байқаудың ерекшелігі Ақжайық өңірінің кітапхана мамандары арасында ұйымдастырылғалы отыр. Аталмыш байқауды қолдау және облыстық кезеңіне қатысушыны анықтау мақсатымен аудандық кітапханада іріктеу кезеңі оздырылды. Байқауға 13 кітапханашы қатынасты. Байқауға «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дарғожиев Талғат Мұратұлы, аудандық демалыс орталығының режиссері Лұқпанова Айгүл Кеңесқызы, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Ойшыбаева Айнагүл Мағауияқызы, «Сырым елі» қоғамдық саяси газетінің тілшісі Молданиязова Шынар Яудақызы, Қ.Мырзалиев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп кітапханашысы Қабесова Сұлушаш Жауынбайқызы қазылық етті.

 

Байқауға қатысушылар «Жыр дегенде даланы дүбірлеткен құлансың» (ақын өлеңін жатқа оқу немесе ақынға арналған өз туындысын оқу немесе ақын сөзіне жазылған ән орындау), «Деген екен... Қадырдың қалжыңдары» (қаламгердің қалжың әңгімесін образға еніп, әсерлі жеткізу, актерлік шеберлігін көрсету), «Ақынның мәңгілік мұрасы» (ақынның әр түрлі тақырыптағы 15 афоризмін жатқа айту), «Жырлайды жүрек» ақын өлеңдеріндегі дайын ұйқасты пайдаланып, «Туған жердің тылсым сырын ұғып көр...» жолын өз ойынан шығарылған тұжырымды, түйінді бір шумақпен жалғастыру), «Қадыр мұрасын кім көп біледі?» (блиц сұрақтар) кезеңдері бойынша өзара сынға түсті. Байқау қорытындысы шығарылып, қазылар алқасының шешімімен жүлделі 1-орынды М.Бегимова, 2-орынды Г.Жантурина, 3-орынды Р.Мұханбетқалиева иеленіп, І, ІІ, ІІІ-дәрежелі Дипломмен және сыйлықтармен марапатталды.