• «БҚО Сырым ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Мұқадес Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ

Кітапхана - кез келген елдің рухани ордасы, ал кітап – адамзат мәдениетінің ең ұлы туындыларының бірі, дүниедегі ештеңеге теңестірілмейтін білім бұлағының көзі. Ауыл тұрғындарының әдеби талғамы мен мәдени танымын қалыптастыру, бос уақытын тиімді өткізу, кітап оқуды насихаттау бағытында 2 сәуір – Халықаралық балалар кітабы күніне орай Мұқадес Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты аудандық кітапханада 2 сәуір күні «Библиокеш - 2019» кітапханалық мәдени шара оздырылды. Шараға кітапхананың тұрақты оқырмандары, аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының педагог мамандары, Сырым колледжінің оқытушылары мен студенттері, аудандық демалыс орталығының қызметкерлері, «Қайсар» спорт клубының әдіскерлері, шаштараз-маман Канекенова Айгүл Ерболатқызы және ата-аналар қатысты. Кеште шараға қатысушылар назарына қызықты танымдық және мәдени шаралар бағдарламасы ұсынылып, әр оқырман өзінің жанына жақын алаңда дайындалған қызықты шараның куәгері болды.

 

Кештің «Ақпараттық коктейль» деп аталған алаңында оқырмандарға рухани азық беретін мерзімді басылымдар ұсынылды. «Өнерлі өрге жүзер» алаңында суретші оқырмандардың блиц-тапсырысын орындап, сурет өнерінің қыр-сыры туралы мағлұматтармен бөлісті. Сурет үйірмесі, қол өнері, би үйірмесінің жетекшілері, шаштараз маманы өз саласының жұмыс ерешеліктерімен таныстырып, шеберлік сағаттарын өткізді. Оқырмандарға тақырыпқа байланысты басылымдар ұсынылды. «Поэзия салоны» алаңында жылдың таңдауы, Сырдың саңлақ ақыны Ә.Тәжібаевтың шығармашылығына арналған әдеби марафон оздырылды. «Балаларға базарлық» алаңында бала жүрегіне жол тапқан ертегілер еліне саяхат жасалып, сахналық қойылым көрсетілді. «Шынықсаң, шымыр боларсың» алаңында салауатты өмір салтын қолдаушылар «ләңгі тебу», «секіртпе», «асық ату» ойындарына қатынасты. «Күндіз болмаса, түнде оқы» буккроссинг ұсынылып, оқырмандар өздері ұнатқан шығармаларын таңдап, тарқасты. Демалыс орталығының әншілері көңілді ән шырқап, кеш қонақтарының көңілін көтерді. Шараға белсене қатынасқан оқырмандарға алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етілді. Шара соңында қонақтар ертегі кейіпкерлерімен фотосуретке түсті.