• «БҚО Сырым ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Мұқадес Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ

Қазақ поэзиясын әлемдік деңгейге көтерген, ең алдымен ақындығымен, азаматтығымен, қайсарлығымен талайды тәнті еткен, қазақ ұлтының әнұранына пара-пар «Мен - қазақпын» атты поэма жазған, көзінің тірісінде–ақ «қазақ елінің жыр дариясы» атанған ақиық ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жұбан Молдағалиевтің «Мен - қазақпын» поэмасына биыл 55 жыл толып отыр.

Ақынның 1964 жылы жарық көрген «Мен қазақпын» поэмасы - патриоттық шығарма. Оқырманның өз Отаны мен халқына деген сүйіспеншілігін арттырудағы бұл поэманың рөлі ерекше. Ақын Жұбан Молдағалиевтің әдеби мұрасы негізінен адамзат рухын, қазақ халқының өмір шындығын шынайы бейнелеуден тұрады. Ақиық ақын қалдырған асыл мұра бүгінде сол бұрынғы қызметінде, халықтың санасы мен зердесінде.

Осы атаулы датаға орай Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы жариялаған «Жұбан жыры жадымызда» тақырыбындағы фестиваль-марафон шеңберінде үстіміздегі жылдың 1-5 сәуір аралығында М.Есламғалиұлы атындағы аудандық ОКЖ кітапханаларында ақын Жұбан Молдағалиевтің шығармаларын насихаттау, ақынның даңқын көтеріп, оның есімін әлемге паш еткен «Мен – қазақпын» поэмасын оқыту, ақынның өшпес туындылары негізінде негізінде өскелең ұрпақты адамгершілік құндылықтарға, елдік пен ерлікке тәрбиелеу, Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында тағылымдық, мән-мазмұны зор маңызды іс-шаралар оздырылды. Атап айтар болсақ, «Қазақ рухының қыраны», тақырыбымен кітап көрмесі, «Мен қазақпын» поэмасына – 55 жыл көрме-инсталляция  ұйымдастырылып, таныстырылды. Жамбыл, Көгеріс, Көздіғара, Қазақстан, Құспанкөл, Қызылағаш, Тамды ауылдық кітапханаларында «Жыры інжу, рухы биік Жұбан ақын» тақырыбымен әдеби-поэтикалық кеш, аудандық кітапхана, аудандық балалар кітапханасы және Алғабас, Аралтөбе, Бұлдырты, Өлеңті, Шағырлыой ауылдық модельді кітапханаларында «Жұбан шығармаларын оқимыз» библиокеруен, Аяқкөл, Бұлан, Жосалы, Тасқұдық ауылдық кітапханаларында «Мәңгілік Елдің өшпес жыры» әдеби марафон өткізілді. Шара барысында өмірде де, өлеңде де оңай жол іздемеген ақиық ақынның өмірдерегі баяндалып, әдеби шығармашылық өнерінің қалыптасуы жайлы әңгімеленді. Кітапхана оқырмандары ақынның ерлікке, елдікке үндейтін жалынды жырларымен қатар, баршаға белгілі, туған елінің үлкені мен кішісі зор ықыласпен қабыл алған, қазақ халқының өткені мен болашағын бүкіл әлемге паш еткен «Мен қазақпын» поэмасын мәнерлеп оқыды. Аталмыш шараға қатысуда мекеме қызметкерлері, мектеп оқушылары белсенділік танытты. Кешке қатысқан оқырмандар: «Мен қазақпын» деп ұран тастап, туған халқын күллі әлемге мойындатқан Жұбанның жырлары халық жадында мәңгілік сақталып, есімі туған елімен бірге мәңгі жасай береді» - деген ой-пікірлерін білдірді.