• «БҚО Сырым ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Мұқадес Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ

Үстіміздегі жылдың 20 маусым күні Мұқадес Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде жасөспірімдер мен жастар арасында ақын, Қазақстанның Халық Жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығына арналған «Қадыр оқулары» аудандық байқауы өтті.


Байқау төрт кезеңнен тұрды: «Өлең жаздым тоғыз тарау, жеті өрім» - ақынның өлеңдерін жатқа оқу, «Жыр дегенде даланы дүбірлеткен құлансың» - танымал ақындардың Қадырға арнауын жатқа оқу, «Алмас жерде қалмас» ақынның 15 афоризмін жатқа айту, «Біз білетін Қадыр ақын» - ақынның өмірі мен шығармашылығына байланысты  сұраққа жауап беру.


Байқауға 15-29 жас аралығындағы кітапхана оқырмандары қатысты. Қазылар алқасы үміткерлердің ақын өмірі мен шығармашылығын жетік білуі, жатқа білетін өлеңдерінің саны, көркем мәтінді оқу шеберлігі, оқу мәнері мен дауыс ырғағы, көркем мәтінді таңдау талғамы, шығармашылық бейнесі мен сахна мәдениетін бағалады.


22-29 жас аралығындағы оқырмандар арасындағы байқауда Қазақстан ауылдық кітапханасының оқырманы Нұрмұхамбет Айтқұлов жеңімпаз атанды. Бұлан ауылдық кітапханасының оқырманы Гүлжүзім Әділгереева екінші орын, Қазақстан ауылдық кітапханасының оқырманы Жаңылай Досымбай мен қособалық Жазира Жұма үшінші орындарға ие болды.


Ал, 15-21 жас аралығындағы қатысушылардан Жамбыл ауылынан Бақыт Жұмабекова бірінші, аудандық кітапхана оқырманы Нұрпатша Өтепова екінші, Шағырлой ауылының жасөспірім оқырманы Бекзат Қанәділов үшінші орындарды бөлісті.


Шарада Мұқадес Есламғалиұлы атындағы Сырым аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Айнұр Уәлиахметова қорытынды сөз сөйлеп, қатысушы оқырмандарға алғысын білдірді.