• «БҚО Сырым ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Мұқадес Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ

Ауданның қасиетті, киелі жерлері

1. Айдана – Сырым ауданы, Жосалы ауылдық округіндегі қырат атауы. Қоңыр ауылының солтүстігінде жеті шақырымдай жерде биік қырда орналасқан. Айдана Масқар руының белді батыры немесе билерінің қызы болса керек. Бесіктен айттырып қойған Тана руының бір байының Сүгірбай бастаған 40 үй Жосалы өзені бойына қоныстана бастайды. Айдана күреске қатысып, өте ақылдылығымен, өжеттілігімен көзге түсіп қана қоймай, кей жағдайда елін қорғап қалуға шамасы болған батырлығымен де аты аңызға айналса керек. Әсіресе, тана руының Бессары Қожамберлі бөлімдерінің осы жерге орналасуына игі ықпал ете білген. ХІХ ғасырдың соңында Айдана дүниеден өтеді. Оған үлкен бейіт салынып, белгі қойылады. Бұл қыратта 14 құлпытас болған екен. Қазір төрт қырлы арабша жазылған 7 құлпытас қалған. Айдана – Жосалы жерінің негізгі қазығы, сол жердің сенімді күзетшісі. Жеті Арал мен Үміт жерінің мықты куәсі. Айдана – өзінің адал еңбегімен Жосалы, Былқылдақты тауып қоныстанып, оның асқан байлығын меңгеріп, ұрпағына бақыт пен ырыс дайындаған данышпан ана. Айдана анамызға қатысты көптеген аңыз-әңгімелер ел ішіне кеңінен тараған. Ел ішінде кең тараған аңыздардың бірінде Айдана еркелетіп өсірген бір байдың жалғыз қызы екен. Ер баласы болмаған бай жалғыз қызын бетінен қақпай ер балаша тәрбиелесе керек. Аттың құлағында ойнайтын батыл қыз қару асынып, соғыс өнерін де жақсы меңгеріпті. Кейін оның қабілеті кәдеге асқанға ұқсайды. Ер-азаматтары ауылда жоқ кезді аңдыған барымташылар ауылдың иесіздігін пайдаланып, бар жылқыны айдап кетпек болыпты. Қалың жылқы жау қолында кетіп бара жатқанын көрген Айдана қыз ер балаша киініп, бес қаруын асынып, соңдарынан қуа жөнеледі. Қуғыншыны жалғыз әрі жас балаға жорыған барымташылардың басшысы асықпай оны күтіп алады да, жекпе-жекке шақырады. Екі жақ та найзаларын сілтеп, бір-бірін құлатпақшы болады, алайда құламай қалған балаң «жігіттің» бас киімі ғана ұшып кетеді де, арқасына төгілген қолаң шашы оның қыз екенін білдіреді. Сонда барымташы жігіт өзінің қызбен найзаласып жүргеніне ашуланып: «Мен қызбен найзаласып жүрмін бе? Артымыздан қуып нең бар еді, қуғыншы шығатын ауылыңда еркек жоқ па? – деп айқайға басады. Сонда Айдана: «Мырза, жігіт болсаңыз, ауылдағы қаусаған шал-кемпірлерді былайша басынбас едіңіз. Азаматтары жоқ кезде малын айдап кету жігіттікке жата ма? Ал мен болсам, бұл ауылдан ең болмағанда бір адам қуғыншы шыға алмайтындай бейшара еместігін көрсетейін, бұл малдың иесінің жоқтаушысы болатынын дәлелдеп қалайын деп шықтым» - дейді. Қыздың ақылына көркі сай өжеттігіне риза болған барымташы жігіт жылқыларын тастап кетіпті. Бұл да болса қазақтың бір ауыз сөзге тоқтағанын, қыз баланың орынды қылығын бағалай білетін көрегендігін көрсетсе керек.

Орналасқан жері:

Батыс Қазақстан облысы

Сырым ауданы

Жосалы ауылдық округі

Қоңыр ауылы

 

2. Айдар сор – Қосарал ауылына қарасты, аумағы біраз жерді алып жатқан үлкен сорды осылай атайды. Көне аңыздың желісінде ертеректе Атыраудан жолаушылап келе жатқан Адай руының белді байы осы жерге біраз күн аялдапты. Оған себеп өзі етжеңді адам екен, оның үстіне бір тері ауруы тап болып, денесін айнала бөртпелер мен қышымадан қатты қиналса керек. Содан осы судың жағасында он шақты күн жатып, тұзды суға түсіп тыныққан кезінде денесіндегі дерттен айығып, жаны жай тауып рахаттанса керек. Межелеген жерлеріне жетіп, енді қайтар жолда Айдар байдың жағдайы күрт нашарлап кетеді. Содан қасындағы адамдарына былай деп өсиет етеді. «Мен енді елге жете алмаспын, не болса да осы жол менің ажалым екен, сондықтан сүйегімді елге сүйретем деп әуре болмаңдар. Мен өзім жолда тыныққан тұзды сордың басына жерлеңдер» - депті. Айдар байды осы сордың басына жерлейді. Көп кешікпей, әулеті бұл жерге құлпытасын да орнатады. Алайда судың шипалық қасиеті мен өзінің ажалын болжаған сол Айдар байдың көрегендігіне тәнті болған жұрт осы жерге түнеп, тұзға түсіп, арнайы аялдайтын орынға айналдырып, содан бері сордың аты да «Айдар сор» аталып кетіпті.

Орналасқан жері:

Батыс Қазақстан облысы

Сырым ауданы

Жеткөл ауылдық округі

Қосарал ауылы

 

3. Атшоңқай – Жамбыл ауылы маңындағы жер аты. Сонымен қатар, ол жерде көне қорымдар да бар болып шықты. Байбақты руына тиесілі қорымдар ХІХ ғасырдың аяғына жатады. Барлығы дерлік бұрын қолданған қазақ әліпбиінің арабша қаріптерімен жазылған. Белгіден рудың таңбасы мен құран аяттарын, жылы мен адам есімдерін оқуға болады. Жалпы, атшоңқай өсімдік атына байланысты қойылған фитотопоним дегенді өлкетанушы, ғалым Ұлдай Рысқалиқызы Ержанованың еңбегінен көруге болады.

Орналасқан жері:

Батыс Қазақстан облысы

Сырым ауданы

Бұлан ауылдық округі

Жамбыл ауылы

 

4. Әзтөбе – Сырым ауданы, Жосалы ауылдық округінде орналасқан қырат атауы. Қырат Қоңыр ауылының оңтүстігінде 8 шақырым жерде орналасқан. Тарихи деректерге сүйенсек, Қожағұлдың Әз деген белгілі батыры болса керек. Ол қалмақтарға, орыстарға қарсы күресте көзге түсіп, халықтың құрметіне бөленеді. Әз батыр қайтыс болғаннан кейін осы төбеге жерленеді. Сондықтан бұл төбе Әзтөбе аталып кетеді.

Орналасқан жері:

Батыс Қазақстан облысы

Сырым ауданы

Жосалы ауылдық округі

Қоңыр ауылы

 

5. Әмен қорымы – Сырым ауданы, Сарой ауылдық округіне қарасты Шағырлыой ауылы маңында орналасқан орын. Бұл жерде Жанақ руының адамдары мекен еткен. Әмен – елге сыйлы, беделді адам болған деседі. Сонымен қатар сынықшылық қасиеті бар қарияның өзі және тұтас рудың бірнеше адамдары жерленген қорым көне тарихи орындардың бірі болып саналады.

Орналасқан жері:

Батыс Қазақстан облысы

Сырым ауданы

Сарой ауылдық округі

Шағырлыой ауылы

 

6. Есенгелді тархан Жанмырзаұлы қорымы – Сырым ауданы, Аралтөбе ауылдық округінде орналасқан қорымның атауы. Есенгелді – тарихи тұлға. Ол 1834 жылы 93 жасында опат болғаны айғақталып, құлпытастағы жазуларды облыстық жорналшы Қазбек Құттымұратұлы оқып, тарқатып берген болатын. Мұқадес Есламғалиевтің «Екінші тыныс», «Дүбірлі дала» кітаптарына енген «Зерлі тон» повесінде Есенгелді байдың өмірі, сол заманның қарама-қайшылықтары суреттелген. Бұл шығармада Есенгелді бай жай әдеби кейіпкер ретінде қаралады, ал оның тарихы тереңде және оған «тархан» атағын бергендігі жөнінде облысымыздың өлкетанушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзиннің зерттемелері бойынша көптеген ақтаңдақтардың беті ашылғанын айта кетуіміз керек. Соның ішінде оған «тархан» атағының берілуі де тегін емес деген сөз. Есенгелді зираты Аралтөбе ауылынан 3 шақырымдай жерде орналасқан.

Орналасқан жері:

Батыс Қазақстан облысы

Сырым ауданы

Аралтөбе ауылдық округі

Аралтөбе ауылы

 

7. Жарқын қорымы – Жымпиты-Ақсай тас жолы бойынан 3 шақырым жерде орналасқан шағын қорым. Халық аузында «Қондыкер қаңлы» атанып кеткен бұл адам Жарқын руының белді адамы ғана емес, емшілікпен айналысқан арқалы жан екен деген әңгімелер де жиі айтылады. «Қаңлы» сөзінің кез келген жерде айтылмайтынын ескерсек, тегін адам болмағанын аңғару қиын емес. Жалпы қорымның сипаттамасы туралы Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени және табиғат мұралары туралы аудандар жинағының ІІ-томында, 139-141 беттерінде жақсы жазып келтіреді. (авторы М.Н.Сдыков)

Орналасқан жері:

Батыс Қазақстан облысы

Сырым ауданы

Жымпиты ауылы

 

8. Қожалар зираты – ел аузында «киік сауған қожалар» деген атпен қалған рудың атақты адамдары жерленген қорым. Бүгінде біраз адамдарының аты-жөндерін оқып, қарап алғанымызбен қорым әбден тозығы жетіп қирап қалған. Ел аузындағы әңгімелерге сүйенсек, біздің жаққа ислам дінін таратушы ретінде келгендер деген әңгіме айтылады. Оның үстіне діни оқуларының күштілігі сонша, аштық жылдарында даланың жабайы киігін құранмен тоқтатып, сауып алып, ауыл балаларын асыраған деген әңгіме шындыққа жанасатын секілді. Себебі, құлпытастың өзіне де тарихта «киік сауған» қожалардың ұрпағы деп анық жазылыпты.

Орналасқан жері:

Батыс Қазақстан облысы

Сырым ауданы

 

9. Ормантай – Жетікөл ауылдық округінде орналасқан жер атауы. «Ормантай» деп аталуы сол жерде бұрын Ормантай деген әулие өмір сүрген. Ауырған адамдар жандарына ем-дауа іздеп, сол жерге түнейтін болған. Әлі күнге дейін осы жерге адамдардың келетінін, тіпті көршілес аудандар мен Ресейден де келетінін естідік. Ем-дауа іздеп, әулиелердің басына түнейтін наным-сенімнің біздің жақта көптен бері бар екені рас.

Орналсқан жері:

Батыс Қазақстан облысы

Сырым ауданы

Жетікөл ауылдық округі

Қосарал ауылы

 

10. Қазының бейіті – әулеттік сипаттағы қорым. Сырым ауданының Жетікөл ауылынан оңтүстік батысқа қарай 15 км жерде орналасқан. Сырым Датұлының баласы Қазы бидің атымен аталып кеткен, кейде «Қазының қылы» деп те атайды. Оның өзінің «төртқұлақ түріндегі аумақты қоршау бейітінің қалдығымен іші жағында, батыс қабырғасы тұсында орнатылған бедерлі, беріктастан қашалып жасалған құлпытасы сақталған. Арабша жазылған құлпытас ғасырлар қойнауынан бүгінгі күнге жетіп, баба мекенін айғақтап тұр. Құлпытас тек тас қашау өнерінің нұсқалы үлгісі ғана емес, тарихи ескерткіш ретінде де маңызды.

Қазының бейіті - әулеттік сипаттағы қорым, тарихи ескерткіш ретінде маңызды

Орналасқан жері:

Батыс Қазақстан облысы

Сырым ауданы

Жетікөл ауылдық округі

Жетікөл ауылы

 

11. Шошақ мола – Жетікөл ауылдық округінде орналасқан мола атауы. Ағоба ауылының маңында шамамен екі-үш ғасыр бұрын қалыптасқан мола бар. Оны жергілікті тұрғындар далада шошайып, жалғыз тұрғандықтан Шошақ мола атап кеткен. Бұл жерде бұрын ауыл болған деседі. Моланың тарихы қазіргі күнге тек аңыз болып қалған. Жетікөл мен Дөңгелексордың аралығында Боқай деген жер болған. Ол жерде бай, дәулетті адам өмір сүрген. Ол үлкейген кезде өзіне арнап мола салдыртады-мыс. Моланы салған кезде сазды балшыққа илеп, жылқының сүтімен араластырып, жылқының қылын қосып қалаған. Сондықтан да болар, мола әлі күнге дейін құламай, сақталып келеді.

Орналасқан жері:

Батыс Қазақстан облысы

Сырым ауданы

Жетікөл ауылдық округі

Ағоба ауылы

 

12. Омар Қазыұлы бейіті – Сырым ауданы, Бұлдырты өзенінің аяқ саласы Ақкөл қыстағы маңында орналасқан. Омар - қазақ халқының атақты биі, батыры, қоғам қайраткері Сырым Датұлының немересі, батырлығына қоса шешен болған, сол үшін ел ішінде «қанатты Қазы» атанған полковник Қазы Сырымұлының ұлы. Омар сөз ұстаған, ел ішінде ықпалды адам болған. Жырау Мұрат Мөңкеұлының 1906 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Ғұмар Қазыұлына айтқан» деп аталатын жырында оның көсемдік, адамшылық қасиеттері байыпталды. Ел «Аударылмас томар» атаған Омардан туған Мұхтар мен Салықтың екеуі де ел ішінде билік жолын ұстаған кісілер болды.

Орналасқан жері:

Батыс Қазақстан облысы

Сырым ауданы

Бұлдырты ауылы