• «БҚО Сырым ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Мұқадес Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ

Өтетін уақыты: 16 ақпан  сағ:16.00, 2023 жыл

Өтетін орны: Аудандық кітапхана

Жүргізуші: Жетпісов Азамат

Жүргізуші: Қайырлы күн қадірменді қонақтар мен оқырмандар!

Сырым ауданы біртуар азаматтарға бай өлке. Сондай жанның бірі де бірегейі, туған өлкенің парасатты перзенті, қазақ әдебиетіне мол мұра қалдырған көрнекті жазушысы, қарымды қаламгері, ұлт мақтанышына айналған Мұқадес Есламғалиұлының өмірі мен  шығармашылығын насихаттауға  арналған «Тарих тамырынан нәр алған жазушы» тақырыбындағы  әдеби кешке  қош келдіңіздер!

Жазушының бүгінгі күні өзі болмаса да, артында қалдырған бай мұрасы, оның ерекше туындыларын оқырмандарға таныстыру біздің басты міндетіміз. Осы орайда 18 ақпан жерлес жазушы Мұқадес Есламғалиұлының туған күнне орай кітапханамыз жылма жыл жазушыны еске алып, оның еңбектерін насихаттауды дәстүрге айналдырды.

Шарамыздың қадірлі қонақтары аудан әкімі Төлеген Серікқалиұлы Төреғалиев,  аудандық Мәдениет тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлан Жолдыбайұлы Сарсенов, қаламгердің қарындасы Дидар Есламғалиева мен інісі Бауыржан Есламғалиев және кітапхана оқырмандары.

Сөз кезегі аудан әкімі Төлеген Серікқалиұлы Төреғалиевке беріледі.

Қазақ биі

Жүргізуші: Мұқадес Есламғалиұлы - қазақ оқырмандарына кеңінен танымал есімдердің бірі. Өмірдің қилы иірімдерін терең кестелей білуімен ерекшеленетін прозалық ірі туындыларымен қатар, тарихи-танымдық кітаптың авторы. Мұқадес Есламғалиұлы, бұл есімді айбынды алаш жұрты жақсы біледі. Ақ Жайықта туып, оқып, өсіп-өніп, Алматы қаласына барып, әдеби ортада повестер мен романдар жазып, еліміздің өнері мен мәдениетіне сүбелі үлес қосқан азамат, дарынды жазушы. Ұзақ жылдар Қазақстан Жазушылар одағында қызмет атқарып, шалқар шабытын шыңдап, бүгінгі ұрпаққа мол мұра қалдырған қарымды қаламгер. Сондықтан да біздің Сырым елі Мұқадестей қаламгерімен мақтанады, марқаяды! Ұлылардың ұлағатын ұмытпау, халқымыздың ой алыптары мен ғұламаларын, данасы мен дараларын ұлықтау - ел боламын деген халықтың тарих алдындағы парызы.

Назарларыңызға Мұқадес Есламғалиұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Өтелген парыз» бейнефильмін ұсынамыз.

Ән шашу

Жүргізуші: Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Мұқадес Есламғалиұлының шығармашылығын оқырман қауымға кеңінен насихаттап, еңбектерін оқырманға оқыту мақсатында облыстық деңгейде ауданымызда дәстүрлі түрде байқау ұйымдастырылып келеді. Айта кетсек, 2021 жылы алғаш рет ауданымызда облыстық деңгейде «Көрікті ойдың көркем бейнесі» тақырыбында  иллюстраторлар байқауы, «Қанатты сөз, қарымды қалам иесі» тақырыбында жыр мүшәйрасы, «Орамды ой, қарымды қалам»  тақырыбында эссе-байқауы, 2022 жылы «Ұмытылмас, өшпес бейне» тақырыбында шығарма байқауы өтті. Биыл үшінші рет «Мұқадес мұрасы мәңгілік» тақырыбында мақала байқауы ұйымдастырылады. Барша оқырмандарды аталмыш байқауға белсене қатысуға шақырамыз.

Жүргізуші: Мұқадес Есламғалиұлы қазақ прозасына өзіндік үлес қосқан жазушы. Жерлес қаламгердің шығармалары қозғаған тақырыбын терең толғап, жеріне жеткізе жазуымен ерекшеленеді. Әңгіме, повестер жазып, қаламы біраз төселген Мұқадес прозаның күрделі жанры – романға баруды мақсат тұтты. Сырым Датұлы туып-өскен өңірдің перзенті болғандықтан, Мұқадес Есламғалиұлы көне аңыз-әңгімелерге, шешендік сөздерге жастайынан мейлінше қанықты. Сонымен қатар «Толқын мен ағын», «Өз жүрегіңе үңіл», «Тұман ішіндегі көш» романдары оқырмандар арасында жоғары бағаланған. Өмірдің қилы иірімдерін терең кестелей білуімен ерекшеленетін прозалық ірі туындыларымен қатар, тарихи-танымдық кітаптың авторы. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында қазақ әдебиетінде айшықты із қалдырған жазушының шығармаларын зерттеп, шәкірттерін әдебиетке баулып жүрген ұлағатты ұстаз, жалпы білім беретін Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің қазақ тілі мен әдебиеті  пәнінің мұғалімі Сүлейменова Алмажай Құбайдоллақызы, сөз кезегі өзіңізде..............

Жүргізуші: Қарымды қаламгердің  есімі құрметтеуге әбден лайық. Қаламгердің ұрпақ үшін қалдырған туындылары мол. Сондықтан, еңбегін ұлықтау, әдеби-көркем шығармаларын насихаттау - осы өлкеде туып-өскен ұрпаққа міндет.

Арнау өлеңдерге кезек берейік

Жүргізуші: Мұқадес Есламғалиұлының шығармашылығы "қазақ әдебиеті" атты киелі шаңырақтың пайдалы бір кірпіші болып қаланғаны, оның есімі болашақ ұрпақтардың жүрегінде мақтанышпен жалғасары сөзсіз.

Кешіміздің қонағы, қаламгердің   .......................      қатынасып отыр. Ендеше, тума – туыстары  қаламгер туралы естеліктеріңізбен бөлісе отырсаңыздар...

 Жазушының туыстарына сөз беріледі

Жүргізуші: Қаламгердің есімі мен шығармаларынсыз осы заманғы қазақ әдебиетін көзге елестету мүмкін еместігін тағы бір мәрте айта кету артық болмас. Әдебиет әлемінің есігін құнды дүниелерімен ашқан жазушының артында өлмес әдеби мұрасы барда, ұрпағы барда, жоқтаушы халқы барда жазушының ғұмыры мәңгілік болмақ. 

Назарларыңызға «Кемел ойлы, көркем сөзді жазушы» тақырыбындағы кітап көрмесі ұсынылады.

Кітап көрмесін таныстырушы кітапханашы Тасболатова Айдана

Демалыс орталығының әншісі Армат Жұмагелдиевтің орындауында «Ағаларым» әнін қабыл алыңыздар.Жүргізуші: Жазушы небәрі 57 жыл өмір сүрген қамшының сабындай қысқа ғұмырында қазақ әдебиетінде айшықты із қалдырды. Қалың оқырманға құнды әдеби дүниелерін ұсынған, қазақ прозасында өзіндік қолтаңбасы бар қарымды қаламгердің туындылары қарапайым оқырмандардың көңілінен орын ала білді. Талантты жазушы Мұқадес Есламғалиұлы өмір мен шығармашылық тарихы өскелең ұрпақтың жадында сақталады. Оның мәнді мұрасы халқына қызмет ете береді, жазушыға арналған ауқымды шаралар жалғасын табады деп сенім білдіреміз.

Құрметті оқырман,  бүгінгі әдеби кешке қатынасқан барша қонақтарға алғыс айта отырып, кешімізді аяқтаймыз.