• «БҚО Сырым ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Мұқадес Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ

Мұқадес Есламғалиұлы атындағы Сырым аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты аудандық кітапханада үстіміздегі жылдың 20 ақпан күні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, халықаралық «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының директоры, әнші-сазгер, сырым ауданының құрметті азаматы Донеділ Ізмағамбетұлы Қажымовтың «Донеділ» атты кітабының тұсаукесері өтті. Шара барысында алдымен көпшілік назарына «Өнерімен өрге жүзген азамат» тақырыбындағы кітап көрмесі ұсынылып, библиографиялық шолу жасады. Кештің ашылуында аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов құттықтау сөз сөйлеп, қонақтарды таныстырды. Шараға Батыс Қазақстан облыстық «Мақсат» медициналық колледжінің директоры, білім саласының «Құрметті азаматы», Қадыр қорының мүшесі Мақсот Берген, тіл жанашыры Құсайын Бақтияров, облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білімді дамыту бөлімінің басшысы Светлана Темірғалиева, облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Аягөз Хамзина, айтыскер-ақын, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының әдіскері Талғат Мықи қатысты. Кешті ақын, «Сырым елі» газетінің тілшісі Бауыржан Ширмединұлы жүргізді. Кітаптың тұсаукесер рәсімін автор Донеділ Қажымов пен оның әкесімен жұмыстас болған Қайыржан Нұрмұханұлы жасады. Кеште автор «Донеділ» атты кітабын жазуда алдына екі негізгі мақсат қойғанын, біріншісі, әкесі Ізмағамбеттің жарқын бейнесін ұрпақтарының жадында мәңгілік есте сақтау болса, екіншісі өзінің әншілік және сазгерлік қарым-қабілетін жетілдіре түсу және көпшілік назарына ұсыну екенін айтты. Автор аудандағы 24 кітапханаға жаңа кітабын табыс етті. Кеште автордың жаңа кітабы, шығармашылығы туралы әдемі әңгімелер айтылып,  сазгерге арналған өлеңдер оқылды. Донеділ Қажымовтың «Жарқын жаз, қайдасың?», «Сағыныш», «Мен туралы ойладың ба?», «Оралым, әнім сенсің шалқыған» атты әсем әндері шырқалды. Шара ақын Бауыржан Ширмединұлының «Ән - Донеділ» өлеңімен аяқталды.