• «БҚО Сырым ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Мұқадес Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ

2019 жылдың 5 - 15 қаңтар аралығында Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының бастамасымен Мұқадес Есламғалиұлы атындағы аудандық ОКЖ кітапханаларында көрнекті ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының, халықаралық «АВЬЯС» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығына арналған «Қадыр оқулары» декадасы оздырылды. Мақсаты: Жерлес ақын, сөздің сәйгүлігі, ойдың озарманы Қадыр Мырза Әли шығармашылығын насихаттау, ақындық талантын шәкірт жүрегіне ұялату, сол арқылы олардың бойында поэзия әлеміне, жалпы сөз өнеріне деген сүйіспеншілікті берік қалыптастыру. Оқырманның сөз мәдениетін дұрыс меңгеріп, жырларды мәнерлеп оқуға, өлеңді өміріне серік еткен ақынға еліктеп ақынжанды болып өсуіне кең жол ашу, рухани танымын кеңейту.

 

5 қаңтар күні жүйе бойынша барлық кітапханада көпшілік оқырмандардың қатынасуымен «Сырым елінің жыр жұлдызы» тақырыбында тұрақты кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жасалды. Шолу барысында көптеген жыр жинақтарының авторы, классик ақынның өмірі мен шығармашылық қызметі туралы мәлімет беріліп, ауқымды тақырыбымен, терең ойшылдығымен, сыршылдығымен, шыншылдығымен ерекшеленетін, сан ұрпақтың жан серігіне айналған, ғасырдан-ғасырға жалғасып келген қазыналы жырлары таныстырылды.

 

5 қаңтар күні аудандық кітапхана Мәдени демалыс орталығымен бірлесе ақынның шығармашылығына арналған «Жайықтың жыр қыраны – Қадыр ақын» атты әдеби-сазды кеш,  мекеме қызметкерлерінің арасында «Қадырдан бір өлең» айдарымен ашық микрофон, 10 қаңтар күні Аудандық балалар кітапханасы, Қызылағаш, Жосалы, Тамды, Бұлан, Қазақстан, Жамбыл ауылдық кітапханаларында оқырман балалар топтарымен  «Поэзия алыбы - Қадыр ақын» тақырыбында жыр кештері, 11 қаңтар күні Алғабас, Аралтөбе, Шағырлыой, Бұлдырты, Өлеңті ауылдық модельді кітапханаларында  «Өлеңнің тау тұлғасы Қадыр ақын» атты әдеби марафондар оздырылды.Шара барысында ақынның қаламынан туған әзіл, ойнақы жырларымен тентектікті, жалқаулықты әжуалап, өз оқушысын жақсы өнеге, сүйкімді қылыққа меңзейтін шағын өлеңдері, жаңылтпаштар мен мазақтамалары, Отан, ел, туған жер тақырыбында  өлеңдері, ақынның сөзіне жазылған «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру», «Жалқаубек», «Қазақ осы», «Өз елім» әндерімен қатар, еліміздің бейресми әнұранына айналған «Атамекен» әні орындалды. Сөз зергерінің поэзиясы, афоризмдері жайлы айтылып, ойлы өлеңдері ұрпақ тәрбиесінде ерекше рөл атқаратыны, оның шығармаларымен бірнеше буын сусындап өскені жайында әңгімеленді.