• «БҚО Сырым ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Мұқадес Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ

Үстіміздегі жылдың 18 қазан күні «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының «Қазақстандағы 100 жаңа есім» арнайы жобасы негізінде  физик-ғалым, физика ғылымы бойынша PhD доктор, Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері, Сырым елінің тумасы, Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің түлегі Нұрхат Жакиевпен «Сырымнан шыққан жас ғалым» тақырыбында кездесу кеші өтті.

Нұрхат Қуандықұлы Жакиев – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының 2018 жылғы жеңімпазы, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының лауреаты, Елбасы қорының Ғылыми кеңес мүшесі, 20-дан астам ғылыми мақалалардың авторы, 1 патент, 5 авторлық куәлік иегері, Халықаралық статистикалық сауаттылықты арттыру ұйымының Қазақстандағы координаторы, Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасының индустриалды сектордың зиянын бағалаушы сарапшысы, «Астана ұлттық зертханасы» ЖМ ғылыми-техникалық кеңесінің мүшесі, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дің «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері.

Кеш барысында жас ғалымның өмірі мен еңбек жолы туралы баяндалған «Сырымнан шыққан жас ғалым» тақырыбымен көрме ұсынылып, көпшілік назарына «Жүз есімнен бір есім» бейнеролик ұсынылды. Аудандық балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығының «Жас техник» үйірмесі ұшақты модельдеу жұмыстары көрсетілді. Шараны Сырым аудандық «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің редакторы, жас ақын Бауыржан Ширмединұлы жүргізді. Кеште аудан әкімі Төлеген Серікқалиұлы Нұрхат Қуандықұлының қажырлы қызметіне толағай табыс тілеп, алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады. Шараның қадірлі қонақтары, жас ғалымды білім нәрімен сусындатқан ұстаздары, білім беру саласының озаттары Ким Николаевич, Зәуреш Насухайқызы, Алмагүл Ынтазарқызы және сыныптасы Ерболат Рысқалиұлы сөз алып, жүрекжарды тілектерін білдірді.

 

 

.